ЖОО сертификатын алған сарбаздар екі жыл ішінде құжат тапсыруы керек – министрлік
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінің өкілдері мерзімді қызмет өткерген сарбаздардың жоғары білім алуы туралы өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін алғаш рет мерзімді қызмет сарбаздарын ЖОО-ға іріктеу конкурсы қорытындыланды. 2022 жылғы көктемде шақырылған 1500 сарбаз ЖОО-да тегін білім алу сертификатын жеңіп алды.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен қабылдаудың типтік ережелеріне сәйкес, сарбаз мерзімді қызметін аяқтаған соң екі жыл ішінде ЖОО-ға бара алады. Әрине, тегін оқу сертификатын алғандарға уақыт жоғалтпай, бірден оқуға баруына кеңес береміз», - деді ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, Отан алдында борышын өтегендерге тегін білім беру жөнінде әзірге 76 оқу орнымен келісімшарт бекітілген.
Әрбір ЖОО өз қалауынша грант бөліп, мамандықтар тізімін де өздері ұсынады. Әр сарбаз үш университетті таңдай алады. Іріктеу ыңғайлы әрі ашық өтуі үшін «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілген.
«Бүгін тегін сертификат иегерлері анықталды және қорытындыға апелляция мүмкіндігі қарастырылмаған. Себебі ақпараттық жүйе әскери бөлімдер берген ақпаратқа сүйеніп, қорытынды шығарды. Оны еш өзгертуге болмайды. Платформаның да қорғау деңгейлері жоғары, оны бұзу, нәтижелерін өзгерту мүмкін емес. Кейде жоғары балл алған сарбаз ешқайда түспей қалады, ал азырақ ұпай алғандардың жолы болып кетеді. Бұл сарбаздың өзі таңдаған оқу орындарына тікелей байланысты – көш басында тұрған ТОП университеттерді таңдаса, бәсеке де жоғары болады. Бүгінгі күнге дейін әрбір сарбаз өзі таңдаған оқу орындарын ауыстыруға, қайта таңдауға құқылы болды. Мысалы біреуі әскери ЖОО таңдап, кейіннен азаматтық оқу орындарын қайта таңдады», - деп түсіндірді А. Төлембаева.
Айта кетейік, 2022 жылғы күзде шақырылғандар үшін квотаның екінші бөлігі осы жылдың күзінде өтеді.