ЖОО түлектерінің 30 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды
Жол мамандығын меңгеру үшін қайда барып оқу керек, жалпы еліміздегі жолдар қалай салынады. Бұл туралы Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушыларына Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Бас директоры Замир Сағынов айтып берді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 30 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Оның бір себебі – еңбек нарығының тенденциялары туралы ақпараттың жоқтығы.
«Мемлекет техникалық және жаратылыстану мамандықтарына гранттарды көбірек бөледі (2022-2023 жылдарға 17 794 грант Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді)», - деді З.Сағынов.
Zoom конференц-байланысы арқылы оқушылар ЖАҰСО сынақ зертханаларында жол құрылыс материалдарының сапасына сараптама қалай жүргізілетінін көре алды. Сондай-ақ балаларға қала жағдайында да, дала жағдайында да жол диагностикасын жүргізуге мүмкіндік беретін жылжымалы жол зертханасы көрсетілді.
Бір сөзбен айтқанда, НЗМ оқушылары жол құрылысы мамандығының артықшылықтарын, жол саласындағы кадр тапшылығы, жас мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен мансаптық өсу перспективалары туралы білді. Бұл кездесуді өткізу ЖАҰСО мектептердегі жол мамандықтары бойынша кәсіптік бағдар беру «2000 мектеп» акциясын жүзеге асырудың бір бөлігі болып табылады.