Жойғыш ұшақ Б.Обама резиденциясының әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан белгісіз ұшақты құрықтады

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обаманың Кэмп-Дэвидтегі резиденциясының үстіндегі ұшуға тыйым салынған әуе кеңістігіне белгісіз бір ұшақ кіріп кетті.

Жойғыш ұшақ Б.Обама резиденциясының әуе кеңістігінде ұшып бара жатқан белгісіз ұшақты құрықтады

АҚШ әскери қолбасшылығынан хабарлағандай, әлгі ұшақты жерге қондыру үшін аспанға екі Ғ-15 жоюшы ұшағы көтерілді, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Дереккөздің хабарлауынша, әлгі екі орындық ұшақ ешқандай байланысқа шықпағанымен қоймай, Обаманың резиденциясына 10 шақырымдай қашықтыққа жақындаған. Әскерилердің айтуынша, ұшақ Мэриленд штатындағы Хэджерстоун аэродромына қондырылған. Оқиғаның себебі мен ұшқыштың аты-жөні туралы әзірге ештеңе айтылған жоқ.

Осындай оқиға Обама резиденциясының үстіндегі әуе кеңістігінде 12 маусымда да болған еді. Ол ұшақ та әскери ұшақтардың конвойымен жерге қондырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін ұшақтардың АҚШ-тың үкіметтік ғимараттарына жақын ұшуы қауіп ретінде қарастырылады.