ЖРВИ белгісі байқалғанда не істеу керек – маман кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) белгілері байқалған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қала стационарларында 204 науқас ем алуда. 560 төсек-орын дайындалып, оның 38 пайызында науқастар жатыр.

«Жалпы амбулаторияларымызда қазір 705 науқас ем алып жатыр. Яғни қаладағы мобильді бригадаларымыз жеңіл симптоммен немесе мүлдем симптомсыз науқастардың үйлеріне дәрі-дәрмек апарып береді. Егер науқастың денсаулық жағдайы нашарлап, 103-ке немесе өз аумағындағы емханаға хабарласса, науқасқа мобильді бригада жіберіледі. Яғни дәрігер мен медбике тұрғынның үйіне келіп, анализ алады және диагнозы анықталса, қажетті дәрі-дәрмекті әкеп береді», - деді Т. Мұратов Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен брифингте.

Дәрігердің айтуынша, қаладағы негізгі салмақ амбулаториялық емхана жүйесіне түсіп отыр.

«Қазір әр емханада екі-үш фильтр-кабинет ашылған, бұл кабинеттер ЖРВИ белгілері байқалған науқастардың өзі келіп қаралуы үшін қажет. Ондай науқастар бөлек есіктен кіреді және сол фильтр-кабинетте дене қызуы өлшеніп, ПТР анализ тапсыра алады», - деп түсіндірді Тимур Мұратов.


Соңғы жаңалықтар