ЖРВИ-ге байланысты оқушылар қашықтан оқуға көше ме

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ЖРВИ-ге байланысты мектептерді қашықтан оқытуға көшіруге әзірге негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.

ЖРВИ-ге байланысты оқушылар қашықтан оқуға көше ме
Коллаж: Kazinform/Nano Banana

Комитет төрағасының айтуынша, мектептер мен балабақшаларда инфекцияның таралуына жол бермеу үшін балалардың сабаққа қатысуы күн сайын бақыланады. Таңертең балалардың денсаулығы тексеріліп, ауру белгілері барлар сабаққа жіберілмейді. Ал сабақ кезінде ауру белгілері байқалған бала ата-анасы келгенге дейін уақытша оқшауланады.

— Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық деңгейі оқушылардың жалпы санының 20 пайызынан асатын бірде-бір сынып немесе мектеп тіркелмеген. Осыған байланысты шектеу шараларын енгізуге, оның ішінде оқушыларды қашықтан оқыту форматына ауыстыруға және кабинеттік оқыту жүйесінен бас тартуға негіз жоқ, — деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Комитет төрағасы ата-аналарды ауру белгілері бар балаларын мектепке немесе балабақшаға жібермеуге шақырды.

Оның айтуынша, сырқаттанған бала қатарластарына, педагогтерге, олардың отбасы мүшелеріне, соның ішінде қарт адамдарға инфекция жұқтыруы мүмкін.

— Ауру белгілері бар бала үйде қалуы тиіс екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл — оның денсаулығына қамқорлық жасау ғана емес, бүкіл балалар ұжымын қорғау, — деді Сархат Бейсенова.

Бұған дейін Астанада ЖРВИ-дің таралуы мектептердің жұмысына қалай әсер етіп жатқанын жазған едік.