ЖСДП партиясы Үкімет басшысы лауазымында басқа үміткерлерді көргісі келген

Асхат Рахымжанов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістегі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Асхат Рақымжанов палатаның жалпы отырысында жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын келісу кезінде не себепті қалыс қалғанын түсіндірді.

«Біз кандидатқа қарсы болған жоқпыз, бұл жолы қалыс қалдық. Бұл қызметте экономиканы тереңірек түсінетін, осы саланы жақсы меңгерген, осыған дейін өзін бұл жағынан көрсете алған адамды  көргіміз келеді», — деді Асхат Рахымжанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Журналистер депутаттан бұл лауазымда нақты кімді көргісі келгенін сұрады.

«Мәселен, экономика саласын жақсы меңгергендер арасынан Бозымбаев (Қанат Алдабергенұлы) орынды болар еді деп ойлаймын. Сонымен қатар, басқару стилі өте күшті Жұманғаринді (Серік Мақашұлы) қарастыруға болар еді», — деп қосты депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды.  

Соңғы жаңалықтар