Жітіқара қаласын дамытудың бес жылдық кешенді жоспары бекітілді

жітіқара
Фото: Wikipedia

Үкімет Жітіқара қаласының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекітті, деп хабарлайды Kazinform.

Жітіқара — Қостанай облысы Жітіқара ауданының орталығы. 1936 жылы құрылған.

Ол кеңестік қала-зауыт саясаты пайда болғанға дейін өнеркәсіптік қоныс ретінде құрылған.

Қала құраушы кәсіпорындар: «Қостанай минералдары» АҚ және «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС.

Негізгі мамандануы — асбест, құрамында алтын бар кен өндіру, «Доре» қорытпасын өндіру.

Жоспарда 13,4 млрд теңгеге 45 ұйымдастыру және іске асыру шарасы көзделген, олар республикалық, жергілікті бюджет және жеке инвестиция тарту шеңберінде қаржыландырылады.

4 тармақты іске асыру жеке инвестиция есебінен жоспарланған (1,1 млрд теңге немесе қаржыландырудың жалпы сомасының 8,3%).

Экономиканың нақты секторы блогы шеңберінде ұсақтау-сұрыптау кешенін салу және Аршылысай кен орнында гранит өндіретін жобаларды іске асыру көзделеді.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде супермаркет ашу және астық үшін орама желісін іске қосу жоспарланған. 

Жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін 9 бағдарлама қарастырылған.

Мысалы, осы бағдарламалар шеңберінде жыл сайын кемінде 28 адам қатысатын жастар практикасын ұйымдастыру, жыл сайын кемінде 26 адам әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылады.

Сондай-ақ, азаматтарды әртүрлі жас санаттарында жұмысқа орналастыру үшін «Бірінші жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары іске асып жатыр. 

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жобаларын қаржыландыруға басты назар аударылады.

Атап айтқанда, бұған газ тұтынатын энергетикалық қондырғы салу, су жылыту қазандықтарын қайта жаңарту, 1,6 км жылу желілерін жаңғырту, сондай-ақ 10,7 км газ тарату желілері мен сумен жабдықтау желілерін салу кіреді.

Денсаулық сақтау саласында емхана мен аудандық аурухананы қайта құру жоспарланған. 

Ал мәдениет пен бұқаралық спорт үшін Мәдениет сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп, спорт алаңдары орнатылады.

Экология және табиғат пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылады.

Бұл блокта бірнеше маңызды мәселелерді шешу шаралары қарастырылған, ол — Шортанды өзенінің арнасын тазарту, сондай-ақ рұқсат етілмеген полигондарды жою. 

Соңғы жаңалықтар