Жұғу қаупі 70% жоғары: Алматыда коронавирустың жаңа штамдары тексерілуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мегаполистегі коронавирус инфекциясының штамдары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мутацияланған бір штамм пайда болды деген күдік бар. Дегенмен оны анықтау керек. Біздің азаматтар шетелге үнемі саяхаттайды. Бұл штамм Еуропа, Ресей Федерациясы, АҚШ елдерінде анықталған. Сондықтан, сол мемлекеттерде пайда болған жаңа штамм түрлері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптар күшейтілді. Инфекцияның одан әрі таралмауы үшін қатаң шараларды қолдануға мәжбүрміз», - деді Жандарбек Бекшин Алматыда өткен онлайн-брифинг барысында.

Ж.Бекшиннің айтуынша, бүгінде коронавирустың үш штамы бойынша клиникалық белгілер анықталған.

«Денсаулық сақтау министрлігі Covid-19 жаңа штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісін қолға алды. Яғни, зерттеу «британдық», «оңтүстікафрикалық», «бразилиялық» штамдарға ұқсас болжамды мутацияға жүргізілуде. Геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін мутацияның осы штамдарға жататын, не жатпайтыны нақтыланады. Тексеру жұмыстары жалғасуда», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, жаңа штамның жұғу қаупі 70% жоғары.


Соңғы жаңалықтар