«Жүк салмағы жұмыла көтергенде жеңілдейді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 2-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жүк салмағы жұмыла көтергенде жеңілдейді» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының бірқатар маңызды нысандарының құрылысын аралап көрді. Мемлекет басшысының жанында Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды. Осы жай арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында «Жаңа нысандар басты назарда» деген тақырыппен жарияланды.

Елбасының елорданың салынып жатқан құрылыстарын аралуына арналған мақалалар «Айқын», «Алаш айнасы», «Экспресс К», «Литер» газеттерінде де жарияланды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республика­сы Парламенті Мәжілісінің Төр­ағасы Орал Мұхамеджановты қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның хабарлауынша, О.Мұхамеджанов Президентті Қазақстан Респуб­ли­касы Парла­менті­нің төртінші сессиясының ашы­луын­да Елбасының сөйлеген сөзінде және «Жаңа он­жылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндік­тері» атты Қазақстан халқына Жол­­дау­ында белгіленген міндет­терді орын­дау жөнін­дегі палата депутаттары­ның, «Нұр Отан» ХДП фрак­ция­сы­ның жұмысы туралы хабардар еткен.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үш мемлекетке жасаған сапары Молдовада аяқталды. «Жақында ғана президент сай­лауын өткізіп, елдің саяси өмірінде жиі-жиі түндігі желпілдеп, әлемді өзіне қарататын Украина астанасы - Киевтегі алғашқы жүздесу осы сая­си оқиғалардың қазанын бұрқ-сарқ қайнатушы Жоғарғы Радада бо­лып, оның төрағасы Владимир Лит­винмен кездесумен басталды. Та­раптар екі ел арасындағы байла­ныс­тардың өрістеуіне пейілді екен­дігін танытып, парламентара­лық қатынас­тарды да қарқынды жүргізу­дің маңызына мән берді. Екі елдің та­рихи ортақ кезеңдерін сөз ете ке­ліп, дағдарыстан дамуға бет алған осы бір өтпелі уақытта ұқсас проб­ле­малар­дың болу заңдылығына тоқталды», деп жазады басылым.

Қ.Саудабаевтың сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған «Жүк салмағы жұмыла көтергенде жеңілдейді» деген тақырыптағы мақаланы жұма күнгі нөмірден оқи аласыздар.

***

«Еттен келуі мүмкін дерт». «Айқын» газетінің Алматы облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, биылғы қыста жұттан, табиғат апаттарынан өлген малдың еті базарларға шығып кету қауіпі бар екен. Сондай-ақ жылдың осы мезгілінде ерекше қозатын туберкулез таяқшалары адамдарға мал еті арқылы жұғатын кез. «Ақсу ауданындағы су тасқыны апаты кезінде өлген малдарды акт жасағаннан кейін өртеп, көміп тастады. Бірақ қалаға жеткізілетін ет өнімдерінің арасында арам өлген малдардың еті Талдықорған, Алматы базарларына шығып кету қауіпі болды», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстан облысында екі күндік іс-сапармен болған вице-премьер Өмірзақ Шөкеев аймақтың табиғат апатынан ең көп зардап шеккен Тарбағатай өңірін аралап көрген. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдай штабының жиынына қатысып, апаттан қираған үйлер Үкімет көмегімен салынатындығын атап өтіп, әрбір отбасының мүшелеріне материалдық көмек ретінде 5000 теңгеден бөлінетіндігін айтқан. Сонымен қатар Ө.Шөкеев апат аймағында темірдей қатаң тәртіп орнатылуы қажет екендігін айта келіп, «Барлық мәселелерді сағыздай созбалаудың еш қажеті жоқ. Кімде-кім дәл осындай қиын сәтте өз жұмысын дұрыс атқармаса, нақты тапсырмаларды орындамаса, оларды қызметтен босатуға әзірміз», деп шарт түйіпті. Өңірдегі ахуалмен егжей-тегжейлі танысқыңыз келсе, «Шөкеев Шығыстың шаруасын шешіп қайтты» деген тақырыппен басылған мақалаға назар салыңыз.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов. Басылымның сан қилы сауалдарына тұщымды жауап берген саясаттанушының сұхбаты газеттің жұма күнгі нөмірінде «Жаңа буын өз мамандығына, өз шеберлігіне назар аударып, өз саласының маманы болуға ынталы» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Суқоймалар қауіптің «қоймасы» болып тұр» атты мақала басылды. Мақалада Елбасының тікелей тапсырмасымен еліміздегі суқоймалар мен бөгендердің, басқа да су нысандарының бүгінгі жай-күйін шұғыл тексерістен өткізу нәтижесінде техникалық жағдайы мүлде сын көтермейтін су нысандардың да бар екендігі белгілі болғаны жайлы айтылады. Алматы облыстық бас мемлекеттік экология инспекторы Е.Қойшыбаевтың берген мәліметіне қарағанда Талғар ауданындағы сыйымдылығы 4,26 млн текше метрлік «Саз-Талғар №2» суқоймасының артық су жіберетін ажыратқыш қақпағындағы көтергіш жартылай істен шыққан болса, 4,2 млн текше метрлік «Саз-Талғар №5» суқойманың ажыратқышы да осындай күйде екендігі, Ұйғыр ауданындағы Сүмбе өзені бойындағы 1985 жылы іске қосылған суқоймасының батыс бөлігінің табанына шұғыл түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталған. Басылым осындай ақаулардың бірқатарын тізіп көрсеткен. «Бұл ұсақ-түйек нәрсе емес. Мұндай елеусіздеу көрінетін келеңсіздіктің Қызылағашта қандай қайғылы оқиғаға ұшыратқанын суқойма иелері естен шығармағандары жөн», деп жазады басылым.

Басылымның өркениет бетінде «Балалар әдебиеті бей-жайлықты көтермейді» атты мақала жарық көрді. «Бүгін дүниежүзі бойынша балалар кітабының күні аталып өтуде. Мұның өзі балалар әдебиетінің қай ұлт үшін де зор маңызға ие екендігін көрсетсе керек. Бүгінгі бүлдіршін - ертеңгі үлкен әдебиеттің бірден-бір оқырманы. Сол себепті де оны кітапқа ерте бастан баулу, әдебиетке деген сүйіспеншілігін бала жасынан арттыру - мейлінше өзекті мәселе», деді мақала авторы. Балалар әдебиеті өзіңізді бей-жай қалдырмаса, басылымның жұма күнгі санында жарияланған мақалаға назар салыңыз.

«Семейде жасы 102-ге аяқ басқан Ұлы Отан соғысының ардагері баспанасыз отыр», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. 15 жылдан артық уақыт пәтер кезегінде тұрған Сыдық Түменбаев қазір жалғыз ұлының қолында отыр. Баспана болғанымен, қартқа қолайсыз. Қалт-құлт етіп жүрген майдангердің әсіресе қыстыгүні сыртқа кіріп-шығуы мұң. Қазір денсаулығы сыр бере бастаған қарттың «о дүниеге өз босағамнан аттансам» деген арманы бар.

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Орыс православие шіркеуі Астана және Алматы епархиясының жаңа басшысы архиепископ Александрмен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Басылымның Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, К.Мәсімов архиепископ Александрды оның миссиясының басталуымен құттықтап, оған жемісті де табысты қызмет тіледі.