Жүк тасымалдауға Қазақстан темір жолының қуаты жетпей жатыр

жүк тасымалы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан темір жолы» компаниясы тасымалдау кезінде қандай жүкке басымдық беретінін айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстан темір жолы компаниясының жүк тасымалдауға қуаты жетпей жатыр. Жылдан-жылға жүктің көлемі де, айналымы да артып келеді. Мысалы, былтыр жүк көлемі рекордтық 297 млн тоннаға жетті. Жүк айналымы да 7 пайызға өсті. Бұрын қуаты жетіп тұрған кезде тасымалданатын жүктің 20 пайызы негізгі жоспар бойынша келісілетін. Яғни, айдың басында, қалған 80 пайызы айдың соңында қосымша келісілетін еді. Ал қазір қуат жетпеген соң бәрін негізгі жоспар бойынша келісімге ауыстырдық», — деді министр Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақыттай әр айдың 14-іне дейін тасымалданатын жүктің 80 пайызы негізгі жоспар бойынша келісіліп отырады. 

«Былтыр 164 млн тонна ішкі жүкті тасымалдауға келісім берілген. Яғни, ішкі жүк тасамалдауға басымдық беріліп отыр. Екінші — отандық өндірушілердің экспорттқа жөнелтетін тауарлары. Бұл — 85 млн тонна, яғни 9 пайызға артып отыр. Үшінші, транзиттік жүкке басымдық беріледі. Ол 18 пайызға артып, 27 млн тоннаға жетті. Одан кейін импорт жүгіне басымдық жасалады», — деді Марат Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар