Жүк тасымалдаушылар бірыңғай кедендік одақ құру бастамасын қолдайды - Елбасыға түскен хаттардан
АНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Біз Қазақстан, Ресей және Беларус елдері үшін бірыңғай кедендік одақ құру идеясын қолдаймыз.
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей эфир арқылы халықпен тілдесуіне орай Астанада жұмыс істеп жатқан Байланыс орталығына хабарласқан Ақтөбе қаласының бір топ жүк тасымалдаушы азаматтары осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз Ресей мен Беларус сияқты елдермен ортақ кедендік одаққа кіргенімізге өте куаныштымыз. Бұрынғыдай шекарада төрт-бес күн жатпайтын болдық. Осы үшін Елбасыға мың да бір алғысымызды айтамыз!», дейді олар. Өз аттарын құпияда сақтауды сұраған жүк тасымалдаушылар бүгінде көліктік инспекцияның заңсыз әрекеттеріне наразылық білдіріп, шекарада тұратын инспекция қызметкерлерінің ақшаға әбден құнығып алғандары туралы айтып отыр. «Шекарадан өту үшін 10-15 мың теңге алады, тіпті мәшине бос келе жатса да, кем дегенде, 5 мың теңгені қалдырып кетуді талап етеді. Бермесең, жүз мыңнан астам айыппұл жазып береміз деп қорқытады», - дейді олар.