Жүкті әйелдерге суық тигенде антибиотик ішуге бола ма: акушер-гинеколог кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — Бактерияға қарсы терапия қашан қажет, өз бетінше емделу несімен қауіпті және жүктілік мерзімі неге маңызды? Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне Алматыдағы № 4 Перзентхана директорының орынбасары, тәжірибелі акушер-гинеколог дәрігер Екатерина Самарцева айтып берді.

жүкті әйел
Фото: pexels.com

ЖРВИ мен тұмау маусымы басталғанда дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі мәселесі ерекше өзекті бола түседі. Көптеген әйел жүктілік кезінде кез келген препаратты қабылдаудан қорықса, енді бірі стационарға түспеу үшін таныстарының кеңесімен немесе бұрын көмектескен дәрілерді ішеді. Екі тәсіл де қауіпті, өйткені жүктілік кезінде инфекциялардың ауыр өту қаупі жоғары.

— Жүкті әйелдер мүмкіндігінше науқастанған адамдармен байланысты болмауы, қолды үнемі жууы, бөлмелерді желдетуі, адам көп жиналатын жерлерде ұзақ болмауы қажет. Қажет болған жағдайда қоғамдық орындарда медициналық маска тағуға болады. Сондай-ақ ұйқы мен тамақтану режимін сақтау, шамадан тыс шаршауға жол бермеу маңызды, — деп атап өтті Екатерина Самарцева.

врач акушер-гинеколог Екатерина Самарцева.
Фото: Екатерина Самарцеваның жеке мұрағатынан

Маман вакцинацияға ерекше көңіл бөлуге кеңес береді: тұмауға қарсы белсенділігі жойылған (инактивирленген) вакцинамен егуге жүктілік кезінде рұқсат етіледі және ол асқыну қаупін азайтады. Дене қызуы көтерілгенде, жөтел, тұмау, тамақ ауруы немесе қатты әлсіздік пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу керек және ауруды аяқтан өткізбеген жөн, дер кезінде жүргізілген вирусқа қарсы ем болашақ ана үшін аса маңызды.

Вирус па әлде бактерия ма: антибиотик қашан қажет?

Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі — суық тиюдің алғашқы белгілері кезінде антибиотик ішу.

— Антибиотиктер вирустарға емес, бактерияларға әсер ететінін түсіну керек. Сондықтан әдеттегі ЖРВИ немесе тұмау кезінде олар емдеу құралы болып табылмайды. Оларды тағайындау әйелде бактериялық инфекция анықталғанда немесе оның дамуын болжауға жеткілікті негіз болғанда ғана орынды, — деп түсіндіреді дәрігер.

ЖРВИ мен тұмаудың кез келген белгісі кезінде маман аурудың табиғатын анықтау үшін нақты диагностикаға арналған анализдер тағайындайды.

Жүктілік мерзімі неге маңызды?

Бактерияға қарсы препаратты таңдағанда дәрігер міндетті түрде жүктілік мерзімін ескереді, себебі әр кезеңде ұрықтың дамуында түрлі процесс жүреді.

Бірінші үш айлық. Негізгі органдар мен жүйелер қалыптасады, сондықтан дәрі таңдауда ерекше сақтық талап етіледі. Дәрігер препараттың ықтимал әсерін емделмеген инфекцияның қаупімен салыстырады.

Екінші үш айлық. Бала органдарының дамуы мен жетілуі жалғасады. Терапия мерзімді, инфекция сипатын және дәрінің қауіпсіздік профилін ескере отырып жүргізіледі.

Үшінші үш айлық. Тек ұрыққа әсері ғана емес, сонымен қатар препаратты босанудың дәл алдында қолданудың ықтимал салдары мен жаңа туған нәрестеге әсері де ескеріледі.

— Антибиотиктер тек екінші немесе үшінші үш айлықтан бастап рұқсат етіледі деп айтуға болмайды. Көрсетілімдер болған жағдайда ерте мерзімде де тағайындалатын препараттар бар. Ең бастысы — шешімді клиникалық жағдайды, жүктілік мерзімін, ықтимал қарсы көрсетілімдерді және тексеру нәтижелерін ескере отырып дәрігер қабылдауы тиіс, — деді Екатерина Самарцева.

Аллергия және жанама әсерлер

Егер әйелде бұрын антибиотиктерге аллергия болса, бұл туралы терапия басталғанға дейін дәрігерге міндетті түрде ескерту керек. Кей жағдайларда қосымша аллергологиялық тексеру қажет болуы мүмкін. Жанама әсерлерді (мысалы, жүрек айну немесе ас қорытудың бұзылуын) есекжем, беттің, еріннің немесе тілдің ісінуі, сондай-ақ тыныс алудың қиындауы арқылы байқалатын нағыз аллергиядан ажырата білу маңызды. Ең қауіпті жағдай — анафилаксия, ол тез дамып, ана мен баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

— Бір антибиотикке аллергияның болуы әйелге барлық бактерияға қарсы препараттарға қарсы көрсетілім бар дегенді білдірмейді. Дәрілердің әртүрлі тобы бар және дәрігер баламасын таңдай алады. Бірақ ол үшін пациенттің аллергологиялық анамнезін егжей-тегжейлі білу қажет. Бұрынғы реакцияларды жасыруға немесе препаратты өз бетінше алмастыруға үзілді-кесілді болмайды, — деп ескертті маман.

Болашақ аналарға басты кеңес

Вирус кезінде антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау ауруды емдемейді, тек ағзаға артық дәрілік жүктеме түсіреді. Бірақ сәби үшін алаңдап, тағайындалған терапиядан мүлде бас тарту да ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

— Мен барлық болашақ аналарға үндеу тастағым келеді: өз бетіңізбен емделмеңіз. Бұрынғы емнен қалған бактерияға қарсы препараттарды ішпеңіз, таныстарыңыздың кеңесімен дәрі қолданбаңыз. Егер ауырып қалсаңыз, дәрігерге қаралыңыз. Аурудың себебін, бактерияға қарсы терапияның қажеттілігін тек сіздің дәрігеріңіз ғана анықтап, сәйкес препаратты таңдай алады, — деп түйіндеді Екатерина Самарцева.

Жүктілік пен босануға байланысты төлемді мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болатынын жазған едік.