Жүкті әйелдер мемлекеттен 6 млн теңге жымқырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру саласында мемлекет қаражатын жымқырудың кезекті фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жүкті әйелдер мемлекеттен 6 млн теңге жымқырды

Мемлекет қазынасынан 6 млн 162 мың теңгенің қаражатын қымқырған қылмыстық топ әйелдерден құралған, яғни «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ, «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің қызметкерлері және жеке кәсіпкер бірігіп әрекет еткен.
Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының қызметкерлері Д.Б. мен А.А. 2016 жылдың қаңтар-сәуір аралығында Қызылорда қаласында тұратын жұмыс істемейтін он жүкті әйелді тауып, оларға қажетті құжаттарды жинақтаған. Ал кәсіпкер А.С. өзінің және күйеуінің атына тіркелген жеке кәсіпкерлерік құжатымен әйелдерге жалдамалы жұмысшысы ретінде әлеуметтік аударымдар «аударып отырған».
Мұқият дайындалған келісім бойынша жеке кәсіпкердің өткізген жалған құжаттары негізінде, орталық қызметкерлері еш кедергісіз жәрдемақы тағайындау туралы шешім шығарған.
Алайда құпия ашылып, қылмыс анықталды. Қызылорда облысы бойынша МКД ЭТҚ-і ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен және 385-бабы 1,2-бөліктерімен қылмыстық іс жүргізіп, қылмыстық жүйені толығымен ашты.
Қызылорда қалалық №2 сотының 7 қыркүйектегі шешімімен барлық қатысушылардың кінәсі дәлелденіп, тиісті жаза тағайындалды. Әрқайсысы 3 жылдан бас бостандығынан айрылды, алайда жас баласы болуы себепті жазасын өтеу кейінге қалдырылады.