Жүкті әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандарға әкімшілік айыппұлдардың көлемі 30 пайызға төмендетілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған жүкті және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты айыппұлдар көлемі 30 пайызға төмендетілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина мәлім етті.
«Әкімшілік айыппұл салған сотқа және құзырлы меморганға жұмсарту жағдайларына байланысты айыппұл көлемін 30 пайызға дейін төмендету құқығы берілген», - деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жеңілдіктер құқықбұзушылар толық кінәсін мойындаған кезде және соған өкініш білдірген кезде ғана қолданылады.
«Қазір егер аталған тұлғалар толық кінәсін мойындап, өз ісіне өкінетіндігін айтса, шығынды толықтай өтесе немесе әкімшілік құқықбұзушылық жүкті әйелдермен немесе кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалса, айыппұл көлемін 30 пайызға қысқартуға болады», - дейді З.Баймолдина.