Жүкті әйелдердегі анемия мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жүкті әйелдерде қандай аурулар жиі кездесетіні және олар балаға қаншалықты қауіпті екенін алматылық дәрігер айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Қымбат Абдраимованың айтуынша, жүкті әйелдерде гестациялық қант диабеті болуы мүмкін - бұл әйелдің жүктілік кезінде қандағы қант деңгейінің жоғарылауы. Бұл ана ағзасы қандағы қант деңгейін бақылау үшін жеткілікті инсулин шығара алмайтынына байланысты. Егер гестациялық қант диабеті емделмесе, бұл балаға кері әсер етеді.
«Жүкті әйелдерде қандағы гемоглобин деңгейі қалыпты деңгейден төмендеген кезде анемия жиі кездеседі. Бұл ағзаның эритроциттерді жеткіліксіз өндіруіне байланысты. Жүкті әйелдерде анемия нәрестенің салмағының төмендігі және мерзімінен бұрын босану сияқты проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, әйелдің жүктілік кезінде қан қысымы көтеріліп, зәрінде ақуыз пайда болған кезде преэклампсия қаупі бар. Бұл жағдай ана мен бала үшін қауіпті болуы мүмкін, себебі ол мерзімінен бұрын босануға, плацента проблемаларына және басқа асқынуларға әкеледі»,- дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол инфекциялардың да қауіпті екенін айтты.
«Тұмау және цитомегаловирус сияқты вирустық инфекциялар түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жүктілік кезінде тұрақты медициналық көмек алу және денсаулықты бақылау маңызды», - дейді Қымбат Абдраимова.


Соңғы жаңалықтар