Жүктілікті медициналық әдіспен үзумен қатар, жасырын түсік жасату көріністері де бар - Ұлттық ана мен бала орталығы
Бұл туралы бүгін қыркүйектің 7-сі -Дүниежүзілік Контрацепция күніне арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының әкімшілік директоры Талшын Үкібасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Т.Үкібасованың айтуынша, Дүниежүзілік Контрацепция күні жанұяның, ана мен нәрестенің денсаулықтарын қорғау мақсатында Қазақстанда осымен үшінші рет өткізіліп отыр. «Өкінішке қарай, жасанды түсік - әйелдер арасында әлі күнге дейін «кең тараған» контрацепциялардың бірі болып отыр. Қазақстанда соңғы екі жылда бұл үдерістің төмендеуі байқалғанымен, статистикалық көрсеткіштер алаңдатушылық тудырмай қоймайды. Мәселен, бұған дейін жыл сайын республикада 133 мың жасанды түсік жасалып келсе, 2008 жылы ол - 123 мыңды, 2009 жылдың алғашқы жеті айында 60 мыңды құрады», - деді ол.
Дегенмен, бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер арасындағы түсіктердің көрсеткіші дамыған елдермен салыстырғанда 4-5 есеге жоғары болып отыр. Оның негізгі себебі халықтың арасында жоспарланбаған жүктілікке жол бермейтін амал-тәсілдер жөнінде ақпараттың аздығы. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік 2008 жылмен салыстырғанда 9 пайызға дейін төмендегенімен, үстіміздегі жылы 13-14 жас аралығындағы бойжеткендер медицинаның араласуымен жүктіліктерін үзген жағдайлар болған.
Медицина мамандары, жүктілікті медициналық әдіспен үзумен қатар, жасырын түсік жасату көріністері де барын қынжыла айтып, жүктілікті жасанды үзу - қабыну процестеріне, бедеулікке, гормоналдық-ішкі секреция бездерінің бұзылуына, психо-сексуалдық ауытқуларға, тіпті жатырдың өзін алып тастауға тура келетін жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкіндігін ескертеді.
Айта кетейік, әлемде жыл сайын 80 миллионға жуық жоспарланбаған жүктілік болады. Бұл жалпы жүктіліктік көрсеткіштің - 36 пайызы.
Дүниежүзілік контрацепция күнін атап өту шеңберінде бүгіннен бастап қыркүйектің 14-іне дейін Қазақстанның 14 аймағында промоакциялар өтетін болады. Олар негізінен жастар көп шоғырланған жоғары және арнайы оқу орындарының алаңдарында өтеді. Ал қыркүйектің 10-ы күні Астанадағы №1 және №2 әйелдер консультацияларында, Отбасын жоспарлау орталығында жоспарсыз жүктіліктің алдын-алуға қатысты тегін кеңестер берілетін болады.