Жүктілік пен босануға байланысты төлемді ең көп алған әйелдер қай өңірде

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем алған әйелдер саны бойынша Түркістан облысы көш бастады. Бұл кезеңде аталған өңірде 12 817 әйелге әлеуметтік төлем тағайындалған.

Беременные жүкті әйелдер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми телеграм парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, екінші орында Алматы қаласы — 12 034 алушы. Үшінші орынға Астана қаласы жайғасқан. Елордада қаңтар-шілде айларында жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 11 426 әйел алған.

Алматы облысында бұл көрсеткіш 8 290 адамды құрады. Үздік бестікті Шымкент қаласы түйіндеді — мұнда 8 283 әйел әлеуметтік төлем алған.

Жүктілік пен босануға байланысты төлемді ең көп алған әйелдер қай өңірде
Фото: Азаматтарға арналған үкімет

Осылайша, алғашқы бестікке кірген өңірлерде жалпы 52 850 әйел жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем алған.

Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда беріледі. Оның мөлшері, атап айтқанда, жүктілік пен босануға байланысты демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты есептеледі.

Айта кетейік, жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлеммен шатастырмау керек. Бала туғаннан кейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға оның 1,5 жасқа дейінгі күтіміне байланысты бөлек әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы негізінде есептеледі.

Бұған дейін енді жүктілік пен босануға байланысты төлемді мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болатынын жаздық.