Жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайтын осы маусымдағы Қазақстандағы ірі халықаралық теннис турниры 31 шілдеге дейін жалғасады
ТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Президент кубогы» халықаралық теннис турниріндегі қазақстандық спортшылардың басты міндеті - барынша мол ұпай алу.
Бұл туралы бүгін елордада шымылдығын түрген ерлер үшін АТР және әйелдер үшін ITF «Президент кубогы» жарысының аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бөрлібаев мәлім етті.
«Барлық турнирдегідей кез келген кәсіби теннисшіге барынша мол ұпай жинау маңызды. Сондықтан олардың алдында рейтингін көтеру үшін осы турнирде жеңіп шығу міндеті тұр», - деді ол.
Жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайтын осы маусымдағы Қазақстандағы ірі халықаралық теннис турниры - ерлер үшін АТР және әйелдер үшін ITF «Президент кубогы» жарысы 31 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақстан Теннис федерациясының мәліметтері бойынша турнирге әлемнің 30-дан астам елінің спортшылары қатысады. Олардың қатарында Дуди Села (Израиль), Карл Бэк (Словакия), Константин Кравчук (Ресей), Марко Кьюденели (Швейцария), Денис Мацукевич (Ресей), Ксения Первак (Ресей), Евгения Родина (Ресей), Аранта Рус (Нидерланды), Тамарин Танасугарн (Тайланд), Акгуль Амамурадова (Өзбекстан), Юнри Намигата (Жапония) сынды танымал спортшылар бар.
Сондай-ақ жарыс жолына қазақстандық теннисшілер: Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Зарина Дияс, Галина Воскобоева шығады.