Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылының басты ерекшелігін атады
АСТАНА. KAZINFORM — 2029 жылы шағын жинақты барлық мектепте білім сапасы алшақтығын азайтатын жоба енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.
— Жаңа оқу жылының ерекшелігі — жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Биыл 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі, — деді ол.
Министрдің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады.
— Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке масштабталады, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін жаңа оқу жылында оқушылар қандай курстарды міндетті түрде оқитынын жазған едік.