Жұлдыздар да сайлаудан тыс қалмады: Астанада танымал тұлғалар дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беруге танымал мәдениет қайраткерлері, елге әйгілі спортшылар мен зиялы қауым өкілдері де қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Таң атқаннан бастап олар қаланың әр ауданындағы сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Танымал қазақстандықтардың сайлау учаскелеріне келуі қала тұрғындарының да назарын аударды. Учаскелерде жылы әрі ерекше көңіл күй қалыптасып, тұрғындар сүйікті өнер иелерімен және спортшылармен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.
Дауыс беруге мәдениет саласының өкілдері, оның ішінде Алтынай Жорабаева, Мақпал Мыса, Гүлмира Жакилина, Нұрқанат Жақыпбай, Құрманбай Махан және басқа да танымал тұлғалар қатысты.
Сайлауға белгілі боксшы Василий Левит, танымал спортшылар Айбек және Нұрбек Оралбайлар, Малика Абжанова, Меруерт Балғынбаева және спорт қауымдастығының өзге де өкілдері қатысты.
Сондай-ақ елорданың зиялы қауым өкілдері Роза Мұқанова, Сауытбек Абдрахманов, Дәулеткерей Кәпұлы, Кәрімбек Құрманәлиев және басқа да азаматтар сайлауға қатысты.
Мәдениет, спорт қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің сайлауға қатысуы бұл маңызды саяси науқанның қоғамның әртүрлі саласының өкілдері үшін мәні зор екенін көрсетті. Олардың әрқайсысы өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді.
Осыдан бұрын Оралдағы сайлау учаскесінде Қыз Жібек пен Төлеген дауыс бергенін жаздық.