«Жұлдыздар жұмбағы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 22-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 22-сі,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыдағы резиденциясында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бір топ азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Мемлекеттік наградалар лайықты иелерін тапты» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.

«Басқа жерді қайдам, біздің Сыр өңірі - экологиялық апатты аймақ. Ақ бас толқындары жарыса жүйткіп, жағаны ұрғылап жататын Арал теңізі қалай тартыла бастады, солай Сыр аймағында 70-жылдары экологиялық қасірет көрніс берді. Бұл қасірет жылдан жылға ушығып, экологиялық апатқа алып келді»,- деп жазған «Егемен Қазақстан» басылымындағы келесі мақала «Өңірдің орман шаруашылығы оңалса, тұз бен құм көшкені тоқтар еді»  тақырыбымен ауқымды экологиялық мәселеге назар аударыпты.

Сондай-ақ басылымның бүгінгі санында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы  жарияланған.

Астрофизикалық зерттеулер орталығы мен оның еншілес кәсіпорындарын қайта жасақтау мен біріктірудің арқасында осыдан 2 жыл бұрын құрылған «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ ғылымның қайта жандануына, ғарыштық зерттеулерді жүргізіп жатқан ғалымдардың жемісті жұмыс істеуіне, ғарыштық технологияларды жедел дамытуға жол ашып беруге тиіс болатын. Әлемнің ақпараттық технологиялар жүйесі осы саланы дамытқан елдердің «тәрелкесіне» тәуелді болып отырғанда, біздің ұлттық орталықтың қызметі қандай екендігі оқырмандар қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Басылымның бүгінгі санында «Жұлдыздар жұмбағы» деген тақырыппен жаңа орталықтың жетекшісі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, Жұмабек Жантаевпен болған сұхбат жарық көріпті.

***

Өткен аптаның соңында Алматы іргесіндегі «Ақбұлақ» демалыс орнында, ТМД-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Түркіменстан, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан президенттері бейресми жағдайда кездесті. Аталмыш кездесудің егжей-тегжейін «Айқын» басылымының  бүгінгі санындғы «Ақбұлақ жеті елдің президентіне есік ашты» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

«Оңтүстікте әйелдер неден өліп жатыр?» Осындай сауалға құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала өмірден ерте озып жатқан жас аналардың тағдырына назар аударған. «Соңғы бір жарым айда Оңтүстік Қазақстан облысында жүкті және жаңа босанғандарды қосқанда 10 әйел қайтыс болыпты. Жалпы, биылғы жылдың басынан бері қайтыс болған аналардың саны 27-ге жетіпті»,- дейді басылым.

«Иә-иә, дәл солай! Қожанасыр тірі екен! Сіз әлі естімедіңіз бе? Сенбесеңіз, М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік акедемиялық драма театрына барыңыз. Қожанасырды өз көзіңізбен көресіз!»,- деп жазған «Айқын» басылымындағы тағы бір мақала  «Қожанасыр тірі екен!» атты жаңа қойылымның тұсауы кесілгендігін жазыпты.

 Сондай-ақ, Біржан салдың «Ләйлім шырақ»  әнінің шығу тарихын білгіңіз келсе, осы басылымның  «Қазақтың 100 әні» айдарына да зер салыңыз.

***

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорданың бір топ тұрғынына мемлекеттік наградаларды табыс етті. Толығырақ «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Елордалықтар мемлекеттік марапатқа ие болды» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.

«Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты Мырзас ауылында туып-өскен, кейін «халық ақыны» атанған Нұртуған Кенжеғұлұлының осыдан бір ғасыр бұрын, 1910 жылы ұйымдастырған өнер мектебінің өзіне ғана тән, дәстүрлі мақам-саздары болған. Алайда уақыт өте сол қайталанбас музыкалық туындыларды дүниеге келтірген талант иелері көбіне ұмыт қалып, шығармалары басқа біреулерге телініп кете баратын жағдайлар кездеседі»,- деп жазған «Астана ақшамы» газетіндегі келесі мақала «Кәнеки, тілім, сөйлеші»  тақырыбымен жарық көрген.  

«Тәуелсіздік күні астаналықтар мен елорда қонақтары үшін жеңістің жалауын желбіреткен мерекеге ұласты. Бұл күні Қазақстанның әуесқой бокс федерациясы Астана және Гавана боксшыларының матчтық кездесуін ұйымдастырды. Шаршы алаңға 11 жұп көтеріліп, нағыз «жан алып, жан беріскен» жекпе-жектерді көрдік»,- деп жазды «Астана ақшамы» газеті. Шаршы алаңның қызығын басылымдағы «Жігіттеріміз жарады» деген атпен берілген мақаладан оқыңыздар.

***

«Казахстанская правда» газеті елімізге сапармен  Бүкіл Ресей және Мәскеу Патриархы Кирилдің келетінін хабарлайды. Астана және Алматы митрополиті Мефодий кеше Алматыда Елбасының қабылдауында болып, Қазақстандағы православ шіркеуінің жағдайымен таныстырған және алдағы қаңтар айының екінші онкүндігіне жоспарланып отырған Бүкіл Ресей патриархының сапары турасында сөйлескен. Оның айтуынша, патриарх Астана мен Алматы қалаларына ат басын тіремек.

«Литер» басылымы бүгінгі санында Үкімет басшысы К. Мәсімовтің Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына жасаған сапарына тоқталған. Үкімет басшысы осы өңірлердегі маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын тексерген, сондай -ақ Қарашығанақ -Орал газ құбырын ашып, Экономиканы жаңғырту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның машина жасау және химия өнеркәсібін, тариф қалыптастыру саясатын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырысын өткізген.

Ал  «Экспресс-К» газеті бүгінгі санында Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде оқушы қыздардың сабақта хиджаппен жүргісі келуіне байланысты тағы бір дау туғанын жазған. Газеттің жазуынша, бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрлігі мен Әділет министрлігі екі түрлі көзқарасты ұстануда. Толығырақ осы газеттен оқыңыздар.

Соңғы жаңалықтар