«Жұлдызды сәт» тележобасының 5 млн. теңгесі кімге бұйырды?
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Сенбі, 8 маусым күні «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Жұлдызды сәт» мегажобасының ақтық сыны өтті.
Жарты жылдан бері көрсетіліп келе жатқан жобаның қорытынды сайысына қиналмай жеткендердің қатарында Әсел Құлжанова (реттік нөмірі - 1) мен Тараз қаласынан келген «буынсыз бала» атанған Ескендірдің (2) өнеріне бұл жолы да қошемет ерекше болды.
Ермек Балжігіттің (3) орындаған Сүгірдің термесіне қазылар алқасы бірауыздан қолдау көрсетті. «Екі езу» сатира театры (4) алдыңғы кезеңдерде сахналық көріністері үшін көп дауыс жинаған болатын. Олар бұл жолы сахна төріне алып шыққан «Көлеңкелі театр» Қазақстанда әлі кең етек жая қойған жоқ. Қазылар алқасы олардың жаңашылдығын ерекше бағалады.
Қарағандылық Арман Қарынсау (5) көрермендердің ең көп даусын жинап, ақтық сынға бірден өткен болатын. Өзі шығарған әнді орындаған Арман жанкүйерлерге керемет көңіл күй сыйлай білді.
Ал, соңғы додоға дайындаған көрсетілімін күрестің Олимпиада ойындары қатарында қалуына арнаған астаналық Сергей Цырульников (6) қазақ палуаны Қажымұқанды пір тұтады.
Жетінші болып өнер көрсеткен Динара Намиялы (7) «өнерін - өмірім», деп санайды. Себебі оның айтуынша, «Жұлдызды сәт» оның тағдырына тың жаңалықтар алып келген.
Күні кеше ғана Ақтау қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеуден 86 балл жинаған Данияр Амангелді (8) сахна сынынан өтті. Өнерлі өреннің де арманы - жұлдыз болу.
Дауыс беру арқылы жеңімпазды анықтау көрермендер мен жанкүйерлерге оңай болмағанымен «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» шыққан Ермек Балжігіт үшінші орынды місе тұтты. Екінші орын «Екі езу» театры ұжымына бұйырды, ал «Жұлдызды сәттің» жүлдесі 5 миллион теңгені Арман Қарынсау иеленді.