Жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері ұлғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы 2,5%-ға ұлғайды.
— Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмысшылардың 10% міндетті зейнетақы жарнасын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын жарна мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің зейнетақы жарнасын есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының кем дегенде біреуін және көп дегенде 50-еселенген мөлшерінен аспауы тиіс, — деп хабарлайды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан.
Жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1-ші және 2-ші топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына жарна төлеуден босатылды. Жұмыс берушілердің жарнаны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылау Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген.
Қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына түсетін жарнадан жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы шартты зейнетақы шоттарына есептеледі және қызметкерлердің меншігі емес. Тиісінше, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасқан жинақтарды қызметкерлер мұраға қалдыра алмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы зейнетақыны ортақ (таратушы) қағидаты бойынша төлеуге арналған. Сондықтан, Қазақстан азаматтығынан айырылған немесе қайтыс болған адамдар үшін төленіп келген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы қалған қатысушылар арасында бөлініп, өмір бойы төленетін болады.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы енгізу 1975 жылы және одан кейін туған жұмысшылардың ортақ зейнетақы алуға мүмкіндік беретін 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілінің жоқтығын немесе мүлде аз екендігін ескере отырып, осы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға бағытталған. Болашақта олардың жиынтық зейнетақысы үш құрамдауыш көзден, яғни базалық — мемлекеттен, жинақтаушы — бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударған міндетті зейнетақы жарналары және шартты-жинақтаушы — жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасады.
Еске сала кетейік, былтыр 1 қаңтардан бастап барлық жұмыс беруші зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, зейнетақы жарнасын өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады.
Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап елімізде базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы — 8,5%-ға индекстелді.