Жұмыс күші тапшылығына байланысты Грекияның ЖІӨ өсімі тоқырады

АСТАНА. KAZINFORM — Грекия жыл сайын жұмыс күші жетіспеуінен шамамен 6–8 миллиард еуро көлемінде жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) жоғалтып отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Жұмыс күші тапшылығына байланысты Грекияның ЖІӨ өсімі тоқырады
Фото: Азертадж

Агенттік News247 порталына сілтеме жасап хабарлауынша, Грекиядағы жұмыс күші тапшылығы — ел экономикасының дамуына, бәсекеге қабілеттілігіне және негізгі салалардың тұрақтылығына елеулі әсер ететін құрылымдық мәселе. Бұл проблема экономиканың барлық саласын және түрлі мамандықтарды қамтиды.

Сарапшылардың бағалауынша, еңбек нарығында шамамен 300 мың жұмысшы жетіспейді. Бұл инвестициялардың жүзеге асуына, кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерін жақсартуға кедергі келтіріп, экономиканы жалпы тұрғыда әлсіз етеді.

Қазіргі таңда кадр тапшылығы тек маусымдық немесе біліктілігі төмен жұмыстармен шектелмей, техникалық білімді, тәжірибені және бейімделу қабілетін талап ететін салаларға да әсер етіп отыр. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, туризм және ақпараттық технологиялар салаларында жұмысшыларға сұраныс күрт артқан.

Соңғы жылдары өткен барлық экономикалық форумдар мен талқылауларда бұл мәселе міндетті түрде көтеріліп келеді, әрі ол уақытша қиындық емес екені анық байқалып отыр.

WorkInGreece.io цифрлық платформасының зерттеуіне сәйкес, Грекия жұмыс күші тапшылығына байланысты жыл сайын шамамен 6–8 миллиард еуро көлемінде ЖІӨ-ден айырылады. Бұл жағдай еңбек нарығында жүйелі шешімдердің, соның ішінде үшінші елдерден білікті мамандарды тартудың аса қажетті екенін айқын көрсетеді.

Бұған дейін Грекиялық теміржолшылар саладағы өзекті мәселелерді шешуді талап етіп, ел бойынша 24 сағаттық ереуілге шыққанын жазғанбыз.

Дегенмен Грекия парламенті қарсылық таныту және жалпыұлттық ереуілдерге қарамастан 13 сағаттық жұмыс күнін енгізуге мүмкіндік беретін еңбек туралы даулы заң жобасын мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар