Жұмыс істемейтін мұғалімдерге 609 млн теңгеден астам қаржы төленген

Алматы облысында жұмыс істемейтін мұғалімдерге 609 млн теңгеден астам қаражат жалақы түрінде аударылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Серік Орымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында жұмыс істемейтін мұғалімдерге 609 млн теңгеден астам қаржы төленген

Спикердің сөзінше, жүргізілген сыртқы талдау барысында жұмыс істемейтін 13 адамға 609 млн теңгеден астам қаражаттың жалақы түрінде аударылғаны анықталды. Аталған дерек бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Олардың біреуі 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 81 млн теңге көлеміндегі шығынды толық өтеді.

«Сондай-ақ бухгалтерлер мұғалімдермен келісе отырып, жоғары жалақы төлегені туралы 4 факт бар. Мұндай бұзушылықтардың жалпы сомасы – 81 млн теңге. Бүгінде бухгалтер мен 4 мұғалім үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 62 млн теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өтелді», - деді Серік Орымбетов.

Ол сондай-ақ аталған фактіге адами фактордың болуы және «Парус-Каз» бен «1С» жүйелерінде қазынашылық базаларымен интеграцияның болмауы себеп болғанын айтты.