Жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса қуып шығамыз – Бақытжан Базарбек

базарбек
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс спикері отырыс барысында депутат Бақытжан Базарбекке ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform.

«Жалынды сәлемімді Тамара Дүйсенқызына жолдаймын. Бір-екі жыл бұрын Президенттің көмекшісі болып тұрған кезіңізде сізбен видеоконференцияға шыққанбыз. Сонда СҚО Бостандық деген ауыл бар. Ауыл тұрғындары жайылымдық жерлерінен айырылып қалған. Сіз жеке маған және ауыл тұрғындарына уәдені төгіп-төгіп бергенсіз. Міне, енді әп-әдемі, түк білмегендей министрдің қызметіне отырдыңыз. Сондықтан мына жерде осы мүмкіндікті пайдаланып сізге ауыл тұрғындарының жалынды сәлемін жеткізіп отырмын», — деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жалпы отырыста. 

Сондай-ақ, халық қалаулысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал жолдады.

«Егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса министрліктен қуып шығамыз», — деді ол Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабекке қаратып.

Өз кезегінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутатқа регламентті бұзбауын сұрап, ескерту жасады.

«Құрметті Бақытжан Жұмабекұлы! Бірінші кезекте депутаттық этика деген бар. Сіз қатты кетпеңіз! Агрессиясыз сөйлеңіз. Екіншіден, мен жақтап отырғаным жоқ. Қойып отырған сұрағыңыз дұрыс. 10 млн гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл — бірінші кезекте „Жер аманаты“ комиссиясының жұмысы. Енді оны әрі қарай бөлу кезінде әділ бөлініп жатыр ма, жоқ па — сол ғой сіздің сұрағыңыз. Ол — ең алдымен жергілікті әкімдердің, екінші кезекте осы құзыретті органдардың мәселесі, солардың жауапкершілігі. Екіншіден, „Жер аманаты“ комиссиясының құрамына Бас прокуратура да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, жер ресурстары комитетінің басшысы, депутаттар, сонымен қатар қоғамдық белсенділер, қоғам өкілдері де кіреді. Оның басшысының бірі өзіңіз. Сондықтан мен де сізге жалынды сәлем айтқым келеді. „Жер аманаты“ комиссиясы да осы мәселеге қатысты ар жағында қалай әділ бөлініп жатыр, соны қадағалауға, бақылауға бүкіл құзіреті бар. Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері де, министрлік те қарауы керек. Комиссия да жауапты. Бірақ сұрақ қойғанда, Бақытжан Жұмабекұлы, бұл бірінші рет емес, сізге сұрақ қойғанда регламентті қамтамасыз ететін палатаның басшысы ретінде ескерту жасаймын», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар