Жұмысшы мамандықтар жылы: X Республикалық WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионаты өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 3-9 желтоқсан аралығында Астана қаласында еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және кадрлар даярлау сапасын жетілдіру мақсатында WorldSkills Kazakhstan-2025 кәсіби шеберлік X мерейтойлық республикалық чемпионаты өтеді. 

Жұмысшы мамандықтар жылы
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше чемпионатта еліміздің барлық өңірінен келген 825 қатысушы және 719 сарапшы бақ сынайды. Сайыстар экономиканың негізгі бағыттарын қамтитын өндіріс, инженерия, ақпараттық технология, сервис, құрылыс, әлеуметтік қызмет және креативті индустрия сияқты 45 құзыреттілік бойынша өткізіледі.

Айта кету керек, WorldSkills International қозғалысы 1946 жылы құрылған және әлем бойынша кәсіби құзыреттерді дамыту мен жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған халықаралық платформа. Бүгінде қозғалысқа 89 ел мүше, олар бірлесіп заманауи экономиканың талаптарына сай кадрлар даярлаудың бірыңғай стандарттарын енгізіп жатыр.

Қазақстан Республикасында WorldSkills Kazakhstan жобасы 2015 жылдан бері іске асырылып келеді. Жобаның Ұлттық операторы - Оқу ағарту министрлігінің «Talap» КЕАҚ, ол Қазақстанның атынан WorldSkills International және WorldSkills Europe ұйымдарында өкілдік етеді. 

Айта кетелік биыл 5000-ға жуық колледж қызметкері «Talap» КеАҚ ұйымдастырған заманауи педагогикалық құралдарды енгізу, білім беру процесін цифрландыру және тәжірибеге бағытталған оқытуды күшейту бағытында біліктілікті арттыру курстарынан өткен еді.

Соңғы жаңалықтар