Жұмысшының мәртебесі көтерілмесе, өндірісті де, ауыл шаруашылығын да дамыту қиын - депутат
АСТАНА. KAZINFORM - Ауыл шаруашылығы саласында жеңілдетілген несие беру мәселесін қарастыру керек. Ал жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру үшін, қажет болса тиісті заңдарға өзгеріс енгізуге болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті.
«Банктер ауыл шаруашылығы бағытына қатысты жеңілдетілген несие беру мәселесін қарастыруы керек. Мәселен, Парламент депутаттары Агробанк құру керек екенін біраздан бері айтып жүр. Өзім де осы идеяны қолдаймын», - деді Е. Жаңбыршин.
Сонымен қатар депутат Жолдау аясында жұмысшылардың мәртебесін көтеру тақырыбына тоқталды.
«Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруді өте дұрыс деп есептеймін. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгеріс енгізуге болады. Бұл ретте, «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Жалпы, қарапайым жұмысшының мәртебесі көтерілмесе, онда өндірісті де, ауыл шаруашылығын да дамыту қиынға түседі. Сондықтан Президенттің көтерген ұсыныстары маңызды деп ойлаймын», - деді депутат.
Айта кетейік, бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.
«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент «Банктер туралы» жаңа заң қажет екенін айтты.