Жұмысшылар күйзелісте жүр: Финляндияда қызметкерлердің жұмыстан қажу себептері аталды

АСТАНА. KAZINFORM — Финляндияда жұмыс істейтін әр төртінші адам күйзеліске ұшыраған. Бұл Финляндияның Еңбек гигиенасы институты жүргізген зерттеу нәтижесінде анықталды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Жұмысшылар күйзелісте жүр: Финляндияда қызметкерлердің жұмыстан қажу себебі анықталды
Фото: АЗЕРТАДЖ

Мұндай қызметкерлердің үлесі — 26 пайыз. Қызметкерлер мен басшылар арасында кәсіби күйзеліс белгілері COVID-19 пандемиясына дейінгі кезеңмен салыстырғанда жиірек кездеседі.

Мамандар кәсіби күйіп кетудің негізгі себептері ретінде бюрократиялық талаптар мен жұмыс міндеттеріне қатысты қайшылықтарды атады. Сонымен қатар қызметкерлердің жағдайына белгісіздік, шамадан тыс жұмыс жүктемесі, бірсарынды еңбек және физикалық тұрғыдан ауыр жұмыс әсер етеді.

Сонымен бірге елдегі еңбекке қабілеттіліктің жалпы көрсеткіші жақсарған. Биыл жазда финляндиялық жұмысшылардың 43 пайызы өз еңбекке қабілеттілігін өте жақсы деп бағалаған. Былтыр бұл көрсеткіш 39 пайыз болған. Ал шамамен 67 пайызы жұмысының физикалық талаптарын толық орындай алатынын айтқан.

Зерттеу жас ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтардың бар екенін де көрсетті. Жас қызметкерлердің дене және ой еңбегіне қабілеті орта есеппен жоғары болғанымен, жұмыстың әлеуметтік қырларына бейімделуде көбірек қиындық көреді.

30 жасқа толмаған қызметкерлердің жартысынан астамы өз еңбекке қабілеттілігін өте жақсы деп бағалаған. Алайда жастар арасында жұмысқа деген қызығушылықтың төмендеуі, зерігу және жалғыздық сезімі жиірек байқалады.

Бұған дейін қазақстандық психолог зумерлерді күйзеліске түсіретін басты себепті атады.