Жұмыста бастықпен болған диалогты оның рұқсатынсыз диктофонға жазуға бола ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Жұмыс барысында басшымен болған әңгімені оның рұқсатынсыз диктафонға жазуға бола ма? Мұндай жазбаны кейін еңбек дауы немесе сот процесінде дәлел ретінде пайдалана аласыз ба? Kazinform тілшісі бұл сауалдардың жауабын заңгерден біліп көрді.

Жұмыста бастықпен болған диалогты оның рұқсатынсыз диктофонға жазуға бола ма
Фото: Kazinform/ Nano Banana

Заңгер Алексей Божковтың айтуынша, әңгімені екінші тарапқа ескертпей аудиоға жазып алу кейін құқықтық мәселелер туындатуы мүмкін. Әсіресе жазба қандай да бір дауда немесе сотта дәлел ретінде ұсынылса, оның қашан, қандай жағдайда және қандай мақсатта жасалғаны маңызды.

— Егер біз әңгімені бастапқыда екінші адамға ескертпей жазып алсақ, кейін оны қандай да бір дауда дәлел ретінде пайдаланған кезде жазбаның қалай және қандай жағдайда алынғанын түсіндіруге тура келеді. Мысалы, аудиожазба жарияланып, соған байланысты сотқа жүгінсе, оның заңды жолмен алынғанын дәлелдеу мәселесі туындауы мүмкін, — дейді ол.

Заңгер өз сөзінде аудиожазбаның сотта дәлел ретінде қабылдануы автоматты түрде шешілмейтінін жеткізді. Сот оның іске қатыстылығын, алыну жағдайын, заң талаптарына сәйкестігін және шынайылығын бағалайды. Сондықтан екінші тараптың жазбаға қарсылық білдіруі де сот барысында оның жол берілетін дәлел ретінде бағалануына қатысты мәселе туындатуы мүмкін.

Диктофон
Фото: Kazinform/ Nano Banana

Бұл ретте аудиожазбаны жасау мен оны кейін жариялау — екі бөлек құқықтық мәселе.

— Егер басшы тарапынан заңсыз талап қойылды деп есептесеңіз, мәселені құқықтық жолмен шеше аласыз. Мысалы, тиісті органдарға жүгінуге немесе еңбек қатынастары шеңберінде өз құқықтарыңызды қорғауға болады. Ал әңгімені жазып алып, кейін оны жариялау — бөлек мәселе. Жарияланған материалдың мазмұнына, адамның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне қатысты қосымша құқықтық сұрақтар туындауы мүмкін, — дейді Алексей Божков.

Оның айтуынша, егер адам маңызды әңгімені аудиожазбаға түсіргісі келсе, сөйлесіп отырған адамға бұл туралы алдын ала хабарлаған жөн.

— Әңгіме жазылатынын алдын ала ескерткен дұрыс. Егер екінші тарап бұған келіспесе, онда әңгімені жалғастыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға болады. Бұл кейін жазбаның қалай алынғанына қатысты дауды болдырмауға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді заңгер.

Алексей Божков жұмыс барысында туындаған келіспеушіліктерді шешу үшін қолданыстағы заңнамада көзделген құқықтық тетіктерді пайдалануға кеңес береді. Ал аудиожазбаны дәлел ретінде немесе жария түрде қолдану мәселесінде оның жасалу жағдайы мен кейінгі пайдалану мақсатын ескеру қажет.

Еске сала кетсек, бұған дейін жүргізуші айыппұлдың күшін қалай жоя алатыны туралы заңгер кеңесін жазған болатынбыз.