Жұмылдыру әзірлігін арттыруға бағытталған құжат қабылданды - Парламент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді талқылады.
Заң жобасы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың жұмылдыру дайындығы жүйесін жетілдіруге бағытталады. Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының қолданыстағы әскери доктринасында жұмылдыру дайындығының бірқатар негізгі міндеттері айқындалған. Сонымен қатар құжатта мемлекеттің жұмылдыру әзірлігін арттыру шаралары көзделеді. Осыған байланысты заң жобасындағы өзгерістер соғыс жағдайы мен соғыс уақыты кезеңінде мемлекетті тұрақты басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нормаларды қамтып отыр. Бұл ретте заң жобасында «мемлекеттік органдардың жұмылдыру жоспары», «әкімшілік аумақтағы жұмылдыру жоспары» деген ұғымдар бекіту бөлігіне өзгерістер енгізілген. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұйымдардың жұмылдыру, соғыс жағдайы мен соғыс уақытында мемлекеттік қорғаныс мүддесіне мемлекеттік тапсырыстар мен тапсырмаларды орындаудан бас тартуға құқығы болмайды. Осыған байланысты құжатта «тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспары» деген ұғымдар бөлігіне өзгерістер енгізілген. Айта кетерлігі, заң жобасын қарау барысында сенаторлар құжатты жаңа тармақпен толықтырған болатын. Онда негізінен мемлекеттік резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидаларын нақтылау қарастырылады. Жоғары палатаның бұл ұсынысына Мәжіліс келісімін беріп, құжатты қабылдау туралы шешім шығарды.