Жұмылдыру мәселелеріне арналған заң жобасы келісім комиссиясында талқыланады
АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент палаталары арасындағы келіспеушіліктерді қарау және еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады.
Аталған заң жобасының басты мақсаты еліміздегі жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін жетілдіру болып табылады. Осыған орай, заң жобасымен ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, уәкілетті органның, ҚР мемлекеттік органдары мен ұйымдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы құзіретін нақтылау бөлігіне және олардың аражігін ажырату бойынша өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, ҚР Президентінің осы салаға қатысты өкілеттілігі нақтыланып, ел Үкіметінің және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктері нақтыланып, барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың аражігі қайта қарастырылады. Құжатта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөнінде алдыңғы кезектегі шараларды қабылдау көзделеді. Бұдан басқа, гуманитарлық жәрдем көрсету үшін жұмылдыру резервін бейбіт кезде пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылып отыр.
Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына 20-дан астам түзету енгізген болатын. Мәжіліс бұл түзетудің 10-ымен келіспей, сол бойынша келісім комиссиясын құруды ұсынды.
Келісім комиссиясының құрамына Сенат тарапынан депутат О. Әбдікәрімов, М. Алтынбаев және А. Савченколар сайланды.