Жұмыс берушілер жалпы жұмысшылар санының 2-4 пайызын мүгедектер квотасына ұсынатын болады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
Министрдің айтуынша, егер жұмыс беруші мүгедектің жеке мүмкіндіктері мен денсаулығының шектеулерін ескере отырып, тиісті жабдықталған жұмыс орындарын құратын болса, онда мемлекет оның осы жұмысқа қатысты шығындарын субсидиялайтын болады. «Тұтастай алғанда, халықты жұмыспен қамту саласында жұмыс берушілер үшін жалпы жұмысшылар санының 2-4 пайызына дейін мүгедектер квотасына белгілеу ұсынылады», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, ішкі көші-қон саласындағы халықтың теңгерімсіз орналасу мәселесін шешу мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл ретте заң жобасында жұмыс күші артық өңірлерден Үкімет айқындаған жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкендерге көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несие беруді құрайтын әлеуметтік пакет қарастырылады.
«Үкімет айқындаған өңірлерге жоғары оқу орындары мен колледждерде оқу орындарын көбейтіп, олардың жанында орналасқан жатақханаларда орын санын ұлғайтып, ауыл жастары үшін солтүстік өңірлерден арнайы оқу гранттарын ұйымдастыру ұсынылады», - деді министр.