Жұмыс істеуші әйелдердің бала күтіміне байланысты міндетті зейнетақы жарналары 2014 жылдан бастап аударыла бастайды - Парламент

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңын қабылдады.

Жұмыс істеуші әйелдердің бала күтіміне байланысты міндетті зейнетақы жарналары 2014 жылдан бастап аударыла бастайды - Парламент

Еске сала кетейік, Елбасы былтырғы зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты атқарылған шаралар бойынша халыққа үндеу жасап, Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген еді. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің Елбасы тапсырмасын елдің қаржылық жағдайына қарай кезең-кезеңімен орындауды көздейтінін атап өтті. «Осыған орай, қаралып отырған құжатты ең алдымен бала күтімі бойынша демалыс кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақыны қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Екіншіден, міндетті кәсіби зейнетақы салымын төлеуші жұмыс берушілердің айрықша және зиянды өндірістерді жою немесе санын кемітуді көздейтін ынталандыру тетіктері қарастырылады», - дейді министр. Оның түсіндіруінше, жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына қосымша төлемақы 2014 жылдан бастап қаржыландырылатын болады. Бұл ретте болжамды 10 пайыздық аударымдардың 4 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылатын әлеуметтік төлемдер есебінен, алты пайызы республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.

«Қарастырылып отырған шара жұмыс істеуші әйелдердің бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалысқа болғанына қарамастан, олардың жеке зейнетақы шоттарына міндетті зейнетақы жарналарын толық түсуін қамтамасыз етеді. Зейнетақы жинағының ұлғайына сеп болады. Ал мұндай төлемақыны жыл сайын 150 мыңнан астам әйел-аналар алып отырады деп болжаймыз», - дейді Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, аталмыш шараны дер кезінде қаржыландыру үшін 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңында 30,6 млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде 2014 жылға 8,8 млрд. теңге бөлінген.