Жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударғандарды еңбекпен қамту қиын - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударғандарды еңбекпен қамту қиын - министр

«Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы – азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы. Бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71 пайызға орындалды. Дегенмен, қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Қазір Павлодар облысында 1 мыңнан астам квота игерілген жоқ. Ал, Солтүстік Қазақстан облысына 500 адам, Қостанайға 362 адам жоспардағыдан аз келді», - деді министр.

Тамара Дүйсенованың атап өтуінше, қоныс аударған азаматтарды жұмысқа орналастыруда да біраз проблема бар.

«Үш өңірде, атап айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмысқа орналасу үлесі – 58,5 пайыздан 67 пайызғаға дейін ғана болып тұр. Жұмысқа орналасқанның өзінде олардың 54,4 пайызы ғана зейнетақы аударымын жасап отыр. Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады. Сондықтан, азаматтарымыз көшіп баратын өңір әкімдеріне осы көші-қонды қосымша ынталандырудың және келген азаматтарды жұмысқа орналастырудың өңірлік жол картасын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймын», - деді министр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа.