Жұмыс күші тапшы өңірлерге адамдардың қоныс аударуын ынталандыру керек – Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2027-ші жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасы көші-қон процестерін басқаруда қолданыстағы тәсілдерді жетілдіріп, жаңа тәсілдерді дамытуға бағытталған. Құжаттың негізгі басымдықтарының бірі – елімізге жоғары білікті мамандарды, соның ішінде кәсіпкерлерді, яғни әлеуетті инвесторларды тарту. Сондай-ақ, бізге жергілікті кадрларды оқытып, жұмысқа орналастыратын шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар үшін жаңа экономикалық ынталандыру шаралары да қажет. Біз басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысы бар мамандарды тарта аламыз. Сонымен бірге азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет», - деді Ә. Смайылов.
Бұл ретте Үкімет басшысы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өңірлік квотаны орындау жұмыстары баяу екенін айтты.
«Еңбек ресурстарын тарту бойынша бұдан да тиімді шаралар қабылдап, жұмыс күші артық өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимылды жолға қою керек. Барлық жерде тиісті бейімделу және интеграция орталықтарын құруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай орталықтар – Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін құрылмаған», - деді Премьер-Министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге тағы 4 512 адамды (қоныс аударушылар мен қандастар) қоныстандыру жоспарланып отыр.