Жұмыс орындарының ағымдағы және алдағы жалпыұлттық мәліметтер базасы құрылады - Г. Әбдіқалықова
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында жұмыс орындарының ағымдағы және алдағы жалпыұлттық мәліметтер базасы құрылады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, бағдарламаның жаңашыл тұсының бірі оған қатысушы мен мемлекет арасында жасалатын әлеуметтік келісім-шартты енгізу болып отыр. Бұнда негізінен жұмысқа орналастыруды қоса алғанда өзара міндеттемелер туралы келісімдер қамтылады.
«Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру мақсатында ағымдағы және перспективадағы жұмыс орындарының мәліметтер базасы құрылатын болады. Бұл барлық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы есепке алынып жасалады. Бұдан бөлек, кәсіби оқытудан кейін, тұрақты жұмыс орындарына орналастырған соң, кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындарын құру кеңінен қамтылатын болады. Бұл ретте аталған жұмыс орындары 12 айға дейін әрі жалақының жартысына жуығы мемлекет тарапынан өтелуге есептеліп құрылады», - деді Г. Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша, мемлекет бағдарламаға қатысқысы келетіндерді оқытып, жұмыспен қамтуға ниет танытқан кәсіпорындар мен ұйымдарға да қолдау жасайды. Бұл ретте кадрларды даярлауға арналған шығынның 70 пайызы жұмыс берушіге мемлекет тарапынан өтеледі. «Бұл компонент 2012 жылдан бастап іске асады», - деді Г. Әбдіқалықова.