Жұмыс сапалы әрі кестеге сай жүргізілсін – Ермек Маржықпаев
Ведомствоның мәліметінше, аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Сандықтау ауданында болып аталмыш бағдараламаларды жүзеге асыру барысымен танысты. Құрылыс алаңдарында болғанында мердігерлермен кездесіп, жұмысты сапалы орындауды тала етті.
Айталық, 213 оқушы оқитын Сандықтау орта мектебіне «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Күрделі жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылы мамырдың 20-сында басталып, тамыздың 25-інде аяқталуы тиіс болатын. Алайда, жөндеу мерзімінен кешігуде. Құрылыс алаңында болған аймақ басшысы мердігер «Даяна Сервис» ЖШС жұмысына сын айтып, орын алған олқылықтарды жоюды және жөндеу жұмыстарын қазанның 1-не дейін аяқтауды тапсырды. Жаңа оқу жылы аталмыш мектептегі 135 бала қашықтан оқытылса, 78 оқшы штаттық режимде білім алады.
Биыл Балкашино селосында ауылішілік жолдар жөндеуден өткізілуде. Қазіргі кезде 20 шақырым жолға асфальт төселеді. Тағы 20 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған.
Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 600 миллион теңге қаржы бөлінсе, оның 44 миллион теңгесі «Сарыарқа» мәдениет үйін жөндеуге бағытталған.
Сонымен бірге, Балкашино селосында 14 миллон теңгеге спорт алаңы жөнделіп жатыр. Аумағы 924 шаршы метр футбол алаңына жасанды шөп төселуде.
Балкашино ауылында «Мирас» балабақшасына да күрделі жөндеу жұмыстары сапасыз орындалған Белгілі болғандай бұл нысанға да «Даяна Сервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, Сандықтау ауданына «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде білім ордалары мен аудандық аурухананы жөндеу үшін 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ауруханада болғанында медицина қызметкерлерімен кездесіп, коронавирус инфекциясымен күресуде дәрігерлердің кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.