«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 40 мыңнан астам әлеуметтік келісімшартқа қол қойылды

None
None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда еңбек нарығының қарқынды дамуына, экономикалық белсенділіктің орнықты өсуіне және халықты жұмыспен қамтудың деңгейін көтеруге барлық жағдай жасалуда.

Биыл өзінің белсенді кезеңіне аяқ басқан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы азаматтарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету арқылы еліміздің еңбек әлеуетін дамыту жөніндегі саясатты жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр, - деп хабарлады pm.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 40 мыңнан астам адам әлеуметтік келісімшартқа отырған. Жергілікті жұмыспен қамту органдары мен бағдарламаға қатысушылардың арасында жасалатын келісімнің бұл түрі тараптардың әлеуметтік жұмыстар ұсыну және оларды пайдалану жөніндегі өзара міндеттерін қамтиды.

Келісімшартқа отырғандардың барлығы бағдарламаның қайта оқыту, кәсіпкерлікті шағын несиелендіру, халықтың жинақылығын арттыру сияқты көмектерді қамтыған бағыттарға бөлінді. Оған қоса, ағымдағы жылы бағдарламаның төртінші бағыты - ауылдық елді мекендерді дамыту бағыты қолға алынып отыр.

Азаматтарды қайта оқыту және олардың біліктіліктерін жетілдіру ісін қамтыған І бағыт бойынша, 48 мың адам кәсіптік оқумен қамтылды. Оқыту үдерісіне 442 білім мекемесі атсалысты. 26 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жолдамалар алды.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға негізделген ІІ бағыт бойынша 8151 адамды несиелендіру қарастырылып отыр. Бағдарлама басталғалы  шағын несие  алған қатысушылардың жалпы саны қазіргі таңда 1826 адамды құрайды.

Ал еңбек ресурстарының жинақылығын арттыруды қарастырған ІІІ бағыттың аясында 581 үйдің құрылысы жалғасуда, 314 үйдің құрылысы аяқталды. 2012 жылға жоспарланған 229 үйдің 30-ның құрылысы аяқталды, 174 үй бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде, 25 тұрғын үй салынып жатыр.

Ауылдық елді мекендерді дамытуды қарастырған ІV бағыттың аясында әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеттері орта немесе жоғары ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары қарастырылуда. Бұл бағыттың арқасында ағымдағы жылы ауылдарда 8 мың қосымша жұмыс орны құрылмақ.

Қазақстандықтарды жұмыспен қамту еліміздің еңбек және экономикалық әлеуетінің даму кепілі болып табылады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын одан әрі жалғастыру Қазақстанның басымдықты міндеті, республика халқының еңбек белсенділігі мен әл-ауқатын арттырудың негізі.

Соңғы жаңалықтар