«Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы бойынша І тоқсанда 17 мың адам жұмыспен қамтылды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2011 жылдан бастап қазақстандықтарды жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыруға бағытталған  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы іске асырылуда, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы бойынша І тоқсанда 17 мың адам жұмыспен қамтылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша,  2012 жылдың қаңтар-наурыз айларында «Жұмыспен қамту-2020»  бағдарламасына қатысуға барлық аймақтық уәкілетті органдарға 26,4 мың адам өтініш жасаған және оның 19,7 мыңы немесе 75 пайызы әлеуметтік келісімшартқа отырды.

Оған қоса, аталған кезеңде 17 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 10,6 мың адам  немесе 62,4 пайызы Бағдарлама  арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.

«Жүгінгендердің ішінде 2 мың адам немесе 11,8 пайызы - бос  жұмыс орындарына, 2,4 мың адам немесе 14,2 пайызы  - жастар тәжирбиесіне, 11,8 пайызы немесе 2 мың адам  - оқуларын бітірген соң  тұрақты жұмыс орындарына жіберілді», - делінген Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.

Бағдарламаға  қатысуға өтініш жасағандардың сандық үлесіне келер болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында - 7,9 мың  адам, Шығыс Қазақстанда  - 4 мың адам, Батыс Қазақстанда  - 1,9 мың адам, Жамбыл облысында  -1,8  мың адам жүгінген.

Ведомствоның мәліметі бойынша, әлеуметтік келісімшарттарға отырғандар бойынша Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және  Ақтөбе облыстарында ең жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр.

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу  Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады.  Жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету - халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және  іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.