«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы қайтадан қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасы қайтадан қаралады.

«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы қайтадан қаралады

"Біз қазір өңірлер бойынша жұмыстан босағандардың картасын дайындауға кірістік. Бұл жерде кәсіпорындар және жұмысшылардың біліктілік санатына ерекше көңіл бөлінеді,- деп хабарлады ағымдағы жылдың 20 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, әрбір кәсіпорындағы білікті маманды сақтап қалу үшін, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер бірқатар қолдау шараларын іске асырады. - Егер де білікті жұмысшының жұмыс уақыты таңғы 08-ден кешкі 18-ге дейін есептелсе, біз оның жоғалтқан екі сағатына ақша төлейміз. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында білікті жұмысшыларға арнайы грант бөлінеді. Бұл грант жұмыс берушілерге білікті мамандарды қайта оқытуға, біліктілігін одан әрі көтеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, гранттың 80 пайызын мемлекет, 20 пайызын жұмыс берушінің өзі төлейді",- деп түсіндірді Б. Сағынтаев.

Дағдарыс кезеңінде мемлекет жастарды да қолдаусыз қалдырмайды. Аталған бағдарлама шеңберінде, Үкімет 18-бен 24 жас аралығындағы жастарды оқуға жібереді. Ең маңыздысы, оқу кезеңінде барлық жастардың жұмыс орындары толық сақталады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, біліктілігі төмен қарапайым жұмысшылар да назардан тыс қалмайды. Мысалы, олар бір жерден жұмыстан босатылса, онда мемлекеттік бағдарламалар бойынша басқа жерде жаңадан ашылатын жұмыс орындарына орналасуға құқылы болмақ. Яғни, осылайша Қазақстан Үкіметі жұмыссыздыққа жол бермеу шараларын іске асырады.

Айта кетелік, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы - бұл соңғы 8 жылда өзінің өміршеңдігін, тиімділігін дәлелдеген бағдарлама. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен алынған мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері аталған бағдарлама аясында 82 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде, 63 мың адам - тұрақты жұмыс орындарын, 18,8 мың адам - уақытша жұмыс орындарын тапқан. Мысалы, жыл басынан бері 13,8 мың адам кәсіби оқуға, 7,7 мың адам жастар тәжірибесі бойынша біліктілігін көтеруге жіберілген. Сондай-ақ, 8,2 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген.

Бағдарламаның өміршеңдігін бірнеше бағыттан байқауға болады. Соның бірі - кәсіпкерлікке оқыту. 2015 жылдың басынан бері еліміздегі 2,2 мың адам кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алып, соның ішіндегі 1377-сі өз өмірінде алғаш рет кәсіп ашыпты. Ал дәріс тыңдаған 2,2 мың адамның 2 мыңы 4,8 млрд. теңгеге мемлекеттен несие алып, жеке кәсіппен айналысуға тәуекел еткен. Атап айтарлығы, қазіргі кезде шалғай ауылдардағы 21 мыңнан астам қазақстандықтар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп отыр. Қорыта айтсақ, осы бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері Қазақстандағы 461 мың адам өзіне жұмыс тапқан. Соның ішінде 60 пайызы - жұмыссыздар, 30 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 9 пайызы - еңбекке жарамды әлеуметтік ахуалы төмен азаматтар. Демек, мұның өзі ел Үкіметінің батыл, алдын-ала ойластырылған шешімі дағдарыспен күрестегі тиімді қару екенін дәлелдеуде.

Әмірлан Әлімжан