«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде білім алған 38 мың адам жұмысқа орналасты
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде білім алған 38 мың адам жұмысқа орналасты.
Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова журналистермен өткен брифингте мәлім етті.
«Былтырғы ілкі жобада еліміздің барлық облыстарында, аудандарда жұмыспен қамту бағдарламасына орай арнайы орталықтар құрылғаны белгілі. Онда үкіметтік органдардан бөлек, қоғамдық ұйымдардан да комиссия мүшелері қамтылды. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ілкі жоба ретінде енгендіктен, былтырғы 6 ай ішінде 40 млрд. теңге осы бағдарламаға қарастырылған еді. Бағдарлама негізгі үш бағытты қамтыды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова 2011 жылы атқарылған шараларға тоқталып.
Министрдің айтуынша, былтырғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының алғашқы кезеңінде 60 мыңға тарта адам осы бағытта тартылған. Оның ішінде оқыту, қайта оқыту, кәсіби біліктілігін арттыру бағдарламасы арқылы білім алып шықандар басым.
«Қазіргі таңда оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі өзекті ретінде қарастырылып отыр. Бағдарлама бойынша 38 мыңға тарта адам жұмысқа орналасқан болатын. Бүгінгі Үкімет отырысында әрбір облыстар әкімдіктеріне бағдарлама шеңберінде оқытылған азаматтарды жұмыспен толық қамту туралы тапсырмалар жүктелді», - дейді министр.