«Жұмыспен қамту-2020» және «Ақ бұлақ» бағдарламаларында сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары көрсеткіші тіркелген
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында қылмыс жасады деген айыппен жыл басынан бері 13 адам сотталды. Бұл туралы бүгiн Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттiгiнiң сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелi экономикаға қарсы қоғамдық кеңесiнiң отырысында Сыбайлас жемқорлық туралы істерді ашу және алдын алу департаментінің бастығы Марат Сексембаев мәлім етті.
Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бөлінген бюджеттік қаражаттарды ұрлаумен күресу бағытындағы жұмысты айта келе, М.Сексембаев бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
«Қаржы полициясының ағымдағы жылдың 8 айында жасаған талдауы көрсеткеніндей, бюджеттік қаржының жұмсалу мәселесінде қатаң бақылаудың жоқтығы жемқор лауазымды тұлғаларға және қылмыстық топтарға мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражатты жымқыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, биылғы жылдың 8 айында бюджет саласындағы сыбайлас жемқорлықтың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есеге (53-тен 233-ке дейін) артқан», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, аталмыш бағыттағы қылмыстар барлық облыстарда анықталған, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан (62), Шығыс Қазақстан (34), Қостанай (22), Ақтөбе (18), Қарағанды (16), Ақмола (14) және Солтүстік Қазақстан (14) облыстарында ең көп тіркелген. Салдарынан мемлекетке 6 млрд. теңгеден астам залал келтірілді, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге көп. Анықталған қылмыстардың дені: өз қызметін асыра пайдалану (97), лауазымды жалғандық (87), өзге біреудің сеніп тапсырылған мүлкін жымқыру немесе талан-таражға салу (23), алаяқтық (12). Жауапқа тартылған лауазымды тұлғалардың ішінде әкімдіктің (100), ұлттық компаниялардың (6), министрліктердің (3) қызметкерлері басым.
«Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында қылмыс жасады деген айыппен жыл басынан бері 13 адам сотталған. Олар орта есеппен 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Анықталған қылмыстардың басым бөлігі «Жұмыспен қамту-2020» (65 қылмыс) және «Ақ бұлақ» бағдарламаларына (45 қылмыс) тиесілі. Олардан кейін «Қолжетімді баспана» - 24, «Агробизнес» - 21, «Бизнестің жол картасы» - 13, «Балапан» - 10 келеді», - дейді М.Сексембаев.