Жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 14 мың адам перспективасы жоғары өңірге көшіруге даярланады
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы Жолдауында айтылған жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы шеңберінде 14 мың адам перспективасы жоғары өңірге көшіруге даярланады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, жаңа бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі еңбек ресурстарының жұмылдырылуын арттыруға жәрдемдесетін болады. Бұл ретте жұмысқа орналасуға немесе өз кәсібін ашуға сол өңірдің перспективасы болмаса, онда бағдарлама аясында мемлекет аса дамыған өңірлерге жұрттың көшіп баруына мүмкіндіктерді қарастырады.
«Біздің мемлекет үшін урбанизация қашып құтылатын құбылыс емес. Қазірдің өзінде депрессиялық, перспективасы төмен деп саналатын өңірлерді анықтау басталған. Дәл осындай өңірлерден бірінші кезекте ішкі облыстық және аудандық бағытта азаматтарды көшіру жұмыстары қамтылмақ. Ағымдағы жылы шамамен 14 мың адам осы шараға даярланатын болады деп санаймыз», - дейді Гүлшара Наушақызы. Оның айтуынша, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерді анықтау Экономикалық даму және сауда министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе жүргізілетін болады. Әйтсе де негізгі ұсынысты жергілікті атқарушы орган жасауы тиіс.