Жұмыспен қамту бағдарламасының бірқатар бағытында жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтаған жоқ - Г. Қарағұсова
АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту бағдарламасының бірқатар бағытында жұмсалған қаражат өзін-өзі ақтамады.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты экономикалық өсуді және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін дағдарысқа ден қою шаралары» тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Гүлжан Қарағұсова осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, әлемдік дағдарыстың жағымсыз құбылыстарының бірі жұмыссыздықтың жоғары деңгейі болып табылады. Бұл ретте елімізде мемлекеттік және салалық бағдарламалар іске асып жатқанына тоқталған Гүлжан Қарағұсова, экономика өсімімен қатар жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын атап өте келе, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына тоқталды. «Осы бағдарламаны жүзеге асырудың тиімділігі қаражатты нысаналы пайдалану тұрғысынан емес, нақты жұмыспен қамтылу деңгейінен бағалануы шарт. Мәселен, 2012 жылы бағдарламаға 102 мың 800 адам қатысып, 92 мың 500 адам жұмысқа орналасты. 63 мың 200 адам жаңа кәсіп иесі атанды. Шағын несие алып, өз ісін кеңейткендер - 6 мың 500 қатысушы. Ал 2 мың 500 адам өз отбасыларымен бірге экономикалық өсім нүктесіне көшіп барып, жаңа орындарда жұмысқа араласқан», - деді Г. Қарағұсова.
Сонымен қатар, депутат бір жыл ішінде 281 мың 500 жаңа жұмыс орны ашылғанын, оның ішінде ауылдағысы 128 мың 600-ді құрайтынына назар аударды.
«Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бөлінген қаражат пайдаланылды, сандар әсерлі, көрсеткіштер оң, алайда бұл сандардың артында не тұр? Бұл бағытта әлгі мамандардың нақты бір өңірде, қала мен ауданда сұранысқа ие болатындығы есепке алынды ма? Егер нақты оқытылған соң жұмыссыздарды еңбекпен қамту тұрғысынан алсақ, жағдай мәз емес екені аңғарылады. Мәселен, 2012 жылы оқуды аяқтаған 28 мың 24 адамнан тұрақты жұмыс орнын тапқандары 21 мың 11 адамды немесе 74,9 пайызды құрайды. Ал бұл дегеніңіз бағдарлама оқыту арқылы жұмыссыздарды орналастыру бағытында төрттен бір бөлігіне қатысты мақсатына қол жеткізе алмады, немесе жұмсалған қаражат өзін-өзі ақтамады деген сөз», - деді Г. Қарағұсова.