Жұмыспен қамту деңгейі төмен өңірлер белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі тамара Дүйсенова азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі төмен өңірлерді атады.

Жұмыспен қамту деңгейі төмен өңірлер белгілі болды

Министрдің атап өтуінше, бүгінде республикада «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.

«Дегенмен, тұрақты жұмыс орнына орналасқандардың үлесі Батыс Қазақстан облысында 43,5 пайыз, ал Қарағанды, Алматы, Павлодар облысындарында 50 пайыздан төмен болып отыр», - деді ол.

Алайда, Т.Дүйсенова жұмыспен қамтудың бір ғана бағдарламасымен жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты  жұмысқа орналастыру мүмкін еместігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы  бойынша  жұмыспен қамту орталықтары арқылы тек 3305 адам, ҮИИД бағдрламасы бойынша 2186 адам жұмысқа орналасқан.

«Сондықтан, өңірлерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің кешенді жоспары аясында өзге де мемлекеттік жобалар мен салалық бағдарламаларға жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілуде. Жоспарлы көрсеткіштерді орындау жалпы алғанда кесте бойынша жүргізілуде», - деді министр.