«Жұмыспен қамту»: Жобаларды іске асыруда артта қалған өңірлер

«Қазіргі кезде Үкіметтің басты мақсаты халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау болып саналады. «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында 6,5 мыңнан аса инфрақұрылымдық жоба көзделген. Олар әлеуметтік нысандарда инженерлік-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық нысандарын жөндеу мен салуға, елді мекендерді абаттандыруға, суару және иррегациялық жүйелерге қатысты. Осының арқасында 255 мың жұмыс орны құрылады. Жұмыспен қамту және халықтың экономикалық белсенділігін сақтаумен қатар инфрақұрылымды жақсарту ел экономикасын қалпына келтіруде жақсы нәтиже береді» - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында қазірдің өзінде жобаларды іске қосуды бастау қарқыны өте жақсы екенін атап өтті. Сонымен қатар Қызылорда облысы, Алматы және Шымкент қалалары артта қалып келе жатқанын ескертті.
«Осы ретте жұмысты күшейту керек. Жалпы, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 1 млн 220 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 235 мың тұрақты жұмыс орны құрылады», - деді Асқар Мамин.