«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» аясында 118 мың адам жұмысқа орналасты - Б.Нұрымбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 118,3 мың адам жұмысқа орналасса, осы адамдар арасында 97 мың адам тұрақты жұмыс тапқан. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар халықты тұрақты жұмыс орындарына орналастыруға ден қоюы керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай» идеясы тақырыбында өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мəлім етті.
Оның айтуынша, халық арасында жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын насихаттау бағытында Еңбек күнін тойлау маңызды шаралардың бірі болды. «Бұл ретте, биыл Еңбек күніне орай еліміз бойынша 160 мерекелік шара өтті. Қазақстанның өңір-өңірінде, атап айтсақ, 7 облыс пен 73 аудан орталығында еңбек ардагерлері мен еңбек династицияларын марапаттауға арналған форумдар ұйымдастырылды. Ал жастар арасында еңбек тақырыбы бойынша семинарлар мен конкурстар өткіздік. Кəсіпорындар да бұл істен қалыс қалмай, өз ұйымдарында Еңбек күніне орай «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай» ұранымен флеш-мобтар өткізіп отырды», - деді вице-министр. Ал халықты жұмыспен қамту бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын айта келе, вице-министр əкімдіктер мен кəсіпорындардың ынтымақтастығы туралы айтты. «Жыл басынан бері өңір əкімдіктер, жұмыс беруші мен кəсіподақтар арасында өзара ынтымақтастық туралы 72 мыңнан аса меморандумға қол қойылды. Аймақтық жұмыспен қамту жоспарларын жүзеге асыру аясында 311,6 мың адам жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 118,3 мың адам жұмысқа орналасса, осы адамдар арасында 97 мың адам тұрақты жұмыс тапқан», - деп хабарлады ол.