Жұмыспен қамтуда өзгерістер болады - вице-премьер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыс күшінің сапасына, біліктілігіне жаңа талаптар қойылады. Бұл туралы Мәжілістегі жұмыспен қамту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында экономикалық өсімнің жаңа моделі айқындалды. Ол экономиканың әртараптандырылуына, жеке сектордың көш бастаушы рөлі мен еңбек өнімділігін арттыруға негізделген. Экономика салаларындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 50 пайызға арттыру күтілуде. Сонымен қатар, біз жаңа технологиялардың дамуымен және цифраландырумен ұштасатын қазіргі заманғы жаһандық өзгерістерді ескеруіміз қажет. Жаңа жағдайларда жұмыс күшінің сапасына, біліктілігіне жаңа талаптар қойылатын болады. Ескі кәсіптердің өзгеруі немесе тіпті жоғалып кетуі де және болашақта жаңа кәсіптер пайда болады деп болжанады. Салалар да өзгерістерге ұшырайды, өндіруші салаларға жұмыс күшінің ағыны көбейеді», - деді Е. Досаев.
Сонымен қатар ол жаһандық өзгерістермен қатар, ішкі өзгерістер де болатынын атап өтті.
«Мәселен, өмір сүру ұзақтығының ұлғаюымен қатар, 2000-шы жылдардың ортасынан орын алған беби-бум еңбек нарығына қосымша жүктеме әкеледі. Осылайша, бір жағынан нарық талаптарына сәйкес келетін өндіруші жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету, екінші жағынан сұранысқа ие білікті кадрларды даярлау қажет. Бұл Үкімет пен облыс және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің алдына қойылған ортақ міндет. Осы міндетті шешудің негізгі құралы - жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы олып отыр», - деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, дағдарыс кезеңдерінде маңызды мәселелер бірі ретінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің уақытша шаралары ескерілген. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобалар арқылы жұмыспен қамтуды қолдау болса, онда қазіргі кезде өндіруші және тұрақты жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ экономиканың жаңа талаптарына жауап беретін мамандарды даярлауға басты назар аударылған.
«Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 556 мың қатысушы тұрақты жұмысқа орналастырылды», - деді Е. Досаев.