Жұмыспен қамтудың жол картасы мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану керек - елорда тұрғыны
Астана тұрғыны Қуат Қамышев 44 жаста. 1997 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша Аграрлық университетті тәмамдаған. Осыған дейін құрылыс саласындағы компанияда жұмыс істеген. Алайда, қысқартуға байланысты жұмыссыз қалды. Үш ай жұмыссыз жүргеннен кейін, 2016 жылдың 7 маусымында Астананың Жұмыспен қамту орталығына өтініш жолдап, екі күннен соң «Еңбек Ақмола» РМК-ға жұмысқа жолдама алып, есепші-тізімші қызметіне тұрды.
«Иә, көп күтпей жұмыс ұсынылды, қазіргі кезде тізімші қызметін атқарудамын. Атап айтқанда, жаңа жұмысыма кіріскеніме көп уақыт өте қойған жоқ, дегенмен де осы істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Алдағы уақытта да қызметімді осы кәсіпорынмен байланыстырғым келеді. Осы ретте өзімнің біліктілігімді шыңдап, жұмысымда жетістіктерге жету мақсатын көздеп отырмын», - деп атап өтті Қуат Әнуарбекұлы.
Сонымен қатар ол өз сөзінде жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығына барып, ұсынылған жұмыстарға тартынбай кірісіп кетуге кеңес берді.
Айта кетейік, 2016 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 100,8 млрд. теңге бөлініп, 149 жобаны іске асыру басталды. Осы ретте 1938 жұмыс орны құрылып, оның ішінде 913-і бағдарлама қатысушылары. Осы бағдарлама аясында 56 677 адамға жұмысқа тұруға көмек жасалып, оның арасында тұрақты қызметке 37 920 адам орналасты.
Бағдарламаға қатысушылар ішінде жұмысссыздар - 39,8 мың адам (70,2 пайыз), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 16,3 мың (28,7 пайыз), ішінара жұмыспен қамтылғандар - 586 (1 пайыз), сондай-ақ олардың арасында аз қамтылғандар - 2267 адам, мүгедектер - 1822. Мұнымен қоса, 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 48 пайыз (27 069), әйелдер саны 49 пайыз (27 581 ) деңгейінде.